Әке мен баланың мына әңгімесін оқып көріңізші...

"...Байзақ датқа қартая бастаған шағында нақ қасынан тағы бір өзі сияқты солқылдақ көк теректің өсіп келе жатқанын байқап, іштен шүкірлік етіп, қуанатын. Әке деген қызық, қуана тұрып, күдіктенетін. Бір күні Байзақ баласы Ақмолданы жан-жақты сынайды. Бала әкесінің барлық сұрағына ұтымды жауап беріп отырады...

...Әке көпке дейін үнсіз қалды. Әлден уақытта баласына бүтін денесімен ат үстінен бұрыла қарап:
- Сөйле балам, сөз сенікі! - деді.
- Мен болдым. Сөз орайы келгенде айтыла салған да, әйтпесе мен өз кезегімді алыстан күтем. Сіз әлі тұғырдан түскен жоқсыз, көке!
- Өзім де солай ойлаушы едім. Бірақ уақыттың өткенін, сенің жетілгеніңді аңғармай қалыппын!
- Әлі ерте, көке!
- Сен айтасың ғой ерте деп, күн батуға жақындапты ғой, балам!
Қаратау мен Алатаудың құз-қиясына балапан салған бүркітті талай-талай көрген әке емес пе, баласын ауыр да соңғы сыннан өткізбек еді.
- Сенің қанатың қатайыпты.
- Ерте емес пе?
- Сен бүркіттің балапанын ұядан қалай ұшырғанын көріп пе едің?
- Талай көрдім, көке.
- Айтшы, кәне!
- Бүркіт, ұясын биік құзға, зәулім жартасқа, желдің өтіне салады. Енді жетілді-ау дегенде қанатымен қағып, ұядан итеріп түсіреді де, өзі дереу жон арқасын тоса қояды. Жерге соқтырмай іле көтеріп әкетеді. Сөйтіп қақпалай-қақпалай көтере түседі. Көтере береді, көтере береді...
- Мен де кәрі бүркітпін. Сен ұшуға жарапсың...
Бала үндеген жоқ. Әкесіне қарап еді, ол шынында да, томағасын сыпырып тастаған кәрі бүркіт сынды екен. Көзінің жиегі қызарған, беті айқыш-ұйқыш әжім, мұрны дөң, қоңқақ, мойны қыртыс-қыртыс, жүні түлеген тазқараның алқымына ұқсайды. Саусақтары тасқа, түғырға көп жармасып, талайды бүрген қыранның тұяғы тәрізді тарам-тарам, айғыз-айғыз еді, әлдеқандай сафиянмен қаптағандай сап-сары, бұж-бұж екен. Әке мен бала тау етегіне ілікті.
- Он жасында қасыма ердің. Қанатың ерте қатыпты. Ұядан итеріп түсірердің алдында бірнеше сауалым бар саған.
- Ұядан қағып түсірмей-ақ сұрай беріңіз, көке!
- Иә, мейманаң толып, кенерден асып шалқығанда, не істейсін, Ақмолда?
- Ата-бабамның қаны көп тамып, көздің жасынан қара тасы қақ жарылып, жауыр аттың арқасындай кең жотасы айқыш-ұйқыш, қасиеті мол қайғысы көп Қаратауға қараймын, көке.
- Керісінше, көңілді мұң, кеудені шер басып, бәсеңдей түссең ше, Ақмолда?
- Көркем де сұлу, армандай асқар Алатауыма қараймын, көке!
- Тынысың тарылып, өкпең қысылғанда не істейсің, Ақмолда?
- Самал желді кең жазық далама қараймын, көке!
- Табаныңа тас батып, өкшеңе шөңге кірсе ше?
- Тоқтышақтың терісінен шоқай кием, көке.
- Берікқара мен Шақпақтың өкпен желі ту сыртыңнан соқса ше?
- Түйе жүн шекпенім, күпі мен тоным сандықта жатады, бөктерімде жүреді, көке.
- Досың бар ма, Ақмолда?
- Бар ғой, бірақ дос деген жақсы арман сияқты, амандықты алыстан сұрап, тілеуқор болып, қияс жүреді, алыста болады дос, көке.
- Қасың ше?
- Қасым мына мініп келе жатқан аттың айылы мен жалының астында. Үнемі шылауға оралып, қасымда жүреді, көке!
- Сөзім жоқ енді. Қасының қайда екенін білген, кім болса ол болсын, ұядан ұшуға хақ! Сені Алла бетіңнен жарылқасын, мен енді ұшпайтын сары тұғырға қонамын. Қанатымды сілтесем - сілтермін, ұшпаймын, талпынамын. Сен өсіпсің. Шәгім де, арманым да жоқ".

Асылбек ӘуезханұлыАсылбек Әуезханұлы
10 лет назад 6217
1 комментарий
  • Жақсы өнегесі мол сұқбат болған екен әке мен бала арасында. Шешендік сөздер бағытындағы осындай дүниелерді жиі жариялап тұрсаңыз. Асыға күтеміз. Алла разы болсын!
    10 лет назад
О блоге