БАЛАНЫҢ ІШТЕН АЙТҚАН РЕНІШІ

Жас бала дәліздің терезінен далаға қарап, таза ауа жұтып тұрды. Аяғының астына кішірек орындық қойып алған. Әкесі бұрынғы әдетінше арғы бөлмеде.  Үйдің ішіне ішімдік пен темекінің, оған қоса тер мен кірдің  сасыған күлімсі иісі сіңіп қалған.  Әр жерде босаған шөлмектер қылтиып тұр. Бір бұрышта тұрған ас үстелінің үстіне дастархан іспеттес бір нәрсе төселген. Оның да әр жері темекі шоғынан  шүрықталып тесіліп қалған.

Томпиған баланың аузы ашылып, делиген танауын қорс еткізіп тартып қояды. Көшенің шуына осылай қызығып, қарап тұру – оның қашанғы әдеті. Әкесінің оған қарайтын шамасы жоқ. Арақ ішеді. Темекі тартады. Сосын кітаптарын ақтарып, бір жазулар жазғандай болады. Ұйықтап тұрған соң дәретханаға барып келеді. Сосын осы істер қайта жалғасады. Анда-санда көзінің қырымен қараусыз, елеусіз өсіп келе жатқан ұлына қарап қояды.

Бірақ бала әкесін жақсы көретін. Есігі тырс етіп ашылса, үстелден секіріп түсіп, әкесіне қарай шаба жөнелетін. Жүгіріп барып қара басымен қайғы шегіп жүрген әкесінің тізе тұсын қапсыра құшақтап алады.

Бала мектепке енді барған. Алайда санасы үлкендер секілді қалыптасып қалған. Әкесі ішіп алып бөлмесінен шықса, бірден қолына қарайды. Қолында шылым болса, бір шерге шоғы түсіп өртке себеп болмауын қатаң бақылауға ұстап тұратын. Кенет күлмен аралас шоқ жерге ме, төсекке ме, ескі кереуетке ме түсе қалса, дереу оны сөндіріп тастауға асығатын. Төгілген арақтар алашаға сіңіп қалса да, бүгінге дейін бір де бір үлкен өрт болған жоқ. Бәлкім, баланың әкесі үшін Құдайдан тілейтін дұғалары ол шоқты жанбай жатып өшіріп тастаса керек.

Бірақ бала әкесін жақсы көретін. Өмірдегі жалғыз сүйенішім деп санайтын адамы әрегідік болса да «Балам, қалайсың?» деп қалса, сол бір жалғыз ауыз сөзіне мәз болатын. Ондай кезде ауызын толтырып «Жақсымын» деуге асығатын. Кішкентай кеудесіне толып тұрған сүйіспеншілік сезімі үнемі қайтарымсыз қала береді. Әкесіне оны айтып жеткізе де алмайды.  «Мені жұрттың әкесі секілді жақсы көріңізші» деп қалай айтсын. Сондықтан жалғыз ермегі кішкентай үстелдің үстіне шығып даланың шуылын тамашалау.

Бір күні ескі орындықтың солқылдап тұрған бір аяғы порт сынып кетті  де, бала терезенің жақтауына  ілініп қалды. Қолын жібере салайын десе,  төңкерілген үстелдің бір аяғы төбеге қарап, баланы майып еткелі тұр. Осы сәтте болып жатқан у-шуды әкесі есітіп, дәлізге шықты. Келді де орындықты алып тастап, баланы белінен ұстап: «Қолыңды жібер, мен ұстап тұрмын», - деді. Жас бала бұл сөздерді естімегендей тұра берді.

«Әке, күшім жеткенше қолымды жібермеймін, өйткені сіз мені өмірімде бірінші рет құшақтап тұрсыз» деді. Бірақ бұл сөзді ішінен айтты.

Асылбек ӘуезханұлыАсылбек Әуезханұлы
9 жыл бұрын 6462
4 пікір
Блог туралы