Әйелім - асыл жарым

Алланың маған нәсіп еткен үлкен нығметтерінің бірі сүйікті жұбайым. Ия, Алла Тағала оны мен үшін жаратты. Жаныма жылу беретін, қиналсам қасымнан табылатын, жабықсам демеу болатын –сол жұбайым.

Жұмыстан келсем ол күлімдеп алдымнан шығады. Үйдің іші тап-таза, жуынатын жылы су мен дәмді тағам әзір. Намаз оқып, құлшылық жасауыма да ыңғайлы жағдай жасаған.

Жұмыстан соң шаңырағыма қарай асығып тұрам. Өйткені үйде мені жанымның тыныштығы, көңілімнің тұрағы, екі дүниеде менімен бірге болатын өмірлік сергім күтіп отыр. Кім біледі, бақыт деген де осы шығар.

Ол менің ата-анам мен туған-туысымды аяғынан тік тұрып сыйлайды. Олардың мен үшін ең қымбат жандар екенін жақсы түсінеді. Қонаққа келген достарымды да қабақ шытпай күтіп алады, ас-суларын қамдап береді. Тіпті кейде мейман үстіне мейман келіп, дастархан жинап үлгермейтін кездер болады. Сонда да «Қонақ келсе - құт» деген ұстанымнан жаңылған емес.

Ұл-қыздарымды жүрегінің түбінде тоғыз ай көтеріп, жаны қиналып дүниеге әкелген - сол жарым. Перзенттеріме тазалық пен адалдықты, ұят пен туралықты, қысқасы мұсылмандық әдептерді үйретіп жүрген де сол.

Білем, кейде әйелдік мінезіне салып еркелейтін кездері болады. Бірақ мен оған түсіністікпен қараймын. Себебі ардақты Пайғамбарымыз: «Сендердің ең жақсыларың әйеліне ең жақсы қарағаны» деп өсиет қалдырған.

Рас, кейде сайтан түртіп, ашуым шығып, ренжитін кездерім де болады. Айқайға да салып қоям. Сонда ә десем, мә деп жауап қайырмай, көзін төмен салып өзге бөлмеге шығып кетеді. Мен сонда ашуымды ақыл мен сабырға жеңдіруге тырысам. Алла Тағала Құранда: (Қиналғанда) «Сабырмен және намазбен жәрдем сұраңдар» демей ме? Ашуым тарқаған соң, айтқан ауыр сөздеріме өкініп, қасына барсам, ол көзіне жас үйіріліп тұрса да, күлімсірей салады. Кешіре салуға күш табады. Көз жасы мен күлкінің бір жерде жиналғанын әйелімнің жүзінен ғана көремін. Сондай әйелді қалай құрметтемейсің.

Иә, әйел – Алланың берген аманаты. Сондықтан оған жақсы қарау, оны ішіп-жейтін адал аспен, киетін дұрыс киіммен, тіршілікке қолайлы баспанамен қамтамасыз ету – менің мұсылмандық міндетім. Сондай-ақ иман, намаз, көркем мінезді үйрету де – маған жүктелген парыз.

Әйелім мен үшін сәнденіп, өзін және киімін барынша таза ұстауға тырысатынын білемін. Қай еркек үйіне кіргенде әйелінің үстінен күйген пияздың иісі шығып тұрғанын қалайды? Әрине, ешкім. Міне, соны әйелім жақсы түсінеді.

Аллаға шүкір, әйелімнің шүкір етуші жүрегі, Алланы зікір етуші тілі бар, және ол ақирет істерінде де менің жәрдемшім. Кезінде сүйікті Пайғамбарымыз дәл осындай ізгі әйелді мақтаған жоқ па?

Иә, әйелім Алланы бұйрықтарына бойұсынады, маған бағынады, қасында мен болмаған кездерде ар-абыройы мен жар төсегін пәк ұстайды. Менің рұқсатым болмаса, үйден бір сабақ жіпті де сыртқа шығармайды. Сол үшін мен де оның кейбір ұсақ-түйек кемшіліктеріне түсіністікпен, кеңдікпен, кешіріммен қараймын... Құранда Алла Тағала айтқандай, оның кей қылықтарын мен жек көргенмен, Алла онда мол жақсылық жазып қоюы да мүмкін ғой.

Жұбайым – бағыма біткен нығмет. Сондықтан кейде әйеліммен бір сәт әзілдесіп, оның көңілін көтеріп, жүрегін жұмсартып,қуанышқа толтыруға тырысам. Ардақты Пайғамбарымыз да өз жұбайларымен деңгейлеріне қарай әзілдесетін. Тіпті бірде Айша анамызға: «Жүр, жарысайық!» деп жүгіруден жарысқан.

Сауап жинаудың да нағыз кені – отбасым мен асыл жарым. Бір хадисте: «Қолыңда бар ділданың сауап жағынан ең жақсысы –өз отбасың мен жарыңа жұмсағаның» делінген. Мизан таразысында ең ауыр басатыны – жанұя қажетіне жұмсалған дүние. Ендеше, жұмаққа кіруімнің де бір себебі – асыл жарым.

Жасырмаймын, тіршіліктің қым-қуыт қарбаластары кейде мені шаршатады. Бірақ сондай шақтарда әйелімнің қасыма келіп, бір ауыз жылы сөз айтуы менің шаршауымды қолмен сыпырып алғандай болады. Білем, жұбайым мені сыйлайды, құрметтейді, жақсы көреді. Сөздері мен істерінен соны байқаймын. Сондықтан Алладан тілейтінім тек бұл дүниеде ғана, арғы мәңгі өмірде де онымен бірге болуды нәсіп етсін.

Асылбек ӘуезханұлыАсылбек Әуезханұлы
10 жыл бұрын 14223
2 пікір
  • "Салиқалы әйел кісінің діндарлығының жартысы" - делінген хадисте. Ал сұрағаны дүние, қалағаны әдемі киіну, армандағаны қыдыру, болған әйелдердің құмарлығын қандырамын деп жүргенде ер кісі арам-адал демей дүниеге кіріп кететіні де сондықтан. Әйелдеріміздің қадірін білмейміз-ау кейде біз осы еркектер...
    10 жыл бұрын
  • Алла разы болсын, сондай сүйіспеншілікпен жазылған, Аллам сіздерге екі дүниенің бахытын нәсіп етсін. Әйел гүл, қалай баптасаңыз, солай өседі. Екеуіңізге жұмақта да бірге болуды жазсын.
    Қуаныштымын жарына осындай сүйіспеншілікпен қарайтын ер адамдар да бар екен ғой.
    10 жыл бұрын
Блог туралы