Қазақ даласындағы "ит" тірліктер

Көре алмаушылық деп өзгеге берілген жақсылықты көргенде, қысылып, қиналып: «Неге осы нәрсе онда бар да, менде жоқ» деген секілді оймен адамның емес, шайтанның халіне еніп кетуді айтамыз.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Бір құлдың көкірегінде иман мен көре алмаушылық  бірге тұра алмайды» (Байхақи, 5/267)

Көрдіңіз бе, не деген ауыр хадис. Жүрегімізде көре алмаушылық болса, ол жерде иман жоқ деген сөз. Имансыз жанға екі дүниеде жақсылық жоқ.

Көре алмаушылық жаман мінездердің ең жаманы. Хақ жолында жүрген адам үшін бұдан ауыр  жаза болады деудің өзі қиын.

Шайтан лағынетінің мәңгілік бақыттан мақұрым қалуына осы көре алмаушылық себеп болған. Ол Адам атамызға берілген нығметті көре алмай, іштарлық жасады.

Аллаға қарсы келудің ең алғашқысы осы кесірден бастау алған.

Жер бетіндегі ең алғашқы күнә да Қабылдың Абылды көре алмауынан туындаған еді. Арты кісі өліміне ұласып кетті.

Одан беріде хазрет Жүсіп пайғамбардың туған бауырлары осы көре алмаушылықтан ет бауыр інілеріне не көрсетпеді?!

Одан соң Меккенің дінсіздері Алланың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) тек қана көре алмаушылық түрғысынан ғана қарсылық көрсетті. Әйтпесе, әйгілі дін дұшпаны Әбу Жаһил түнде жасырынып барып, қасиетті Құран тыңдайтын деген деректер бар. Тіпті Құранның теңдессіз мазмұнына елітіп, қасынан бір елі жылжи алмай қалады екен. Ал бірақ ішін көре алмаушылық кернеп бара жатқан соң, өзін-өзі қинап үйіне қайтады екен.

Басқаны былай қойғанда, өзіміздің қазақ осы бір кесір мінезден көресіні көрген жоқ па? Кешегі Ахмет Байтұрсынов: «Қиын емес абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Қиын тиді осылардың бәрінен, Өз аулымның иттері кеп қапқаны» деп неге зарлады. Оны қауып жатқан қандай иттер еді? Өз аулының қандас, діндес, жерлес «иттері болатын».

Одан әріде Кенесарының басын шауып орыстарға сыйға тартыңдар деп «кеңес берген» кім еді. Ол да сол өз аулының «иттері еді».

Осындай «ит» тірліктер қазақ даласында аз болған жоқ. Біз айтпай-ақ, өзіңіз де бір отырғанда онын емес, жүзін санап шығасыз ғой. Біреу көршісінің, біреу құда-құдағиының, тағы біреу бақталасының, тіпті қасында жүрген досының басындағы бағын қызғанып, өзінше «ит» болып жүрген жоқ па? Өзгенің байлығына, көлігіне, баспанасына, қызметіне, шеніне, кәсібіне қызығамыз. «Менде неге жоқ» дейміз. Сау ақылға салып қарасақ, осының бәрі дұрыс па? Осы бір кесірді қоятын кез келген жоқ па? Мұның бәрі барып тұрған шайтан тірлік емес пе? Санымыз да жер бетіне сыймай бара-жатқан көп емеспіз. Ат төбеліндей аз ғана қазақ емеспіз бе? Ең бастысы, басымыз аман, бауырымыз бүтін болса жетпей ме бізге? Бұл жалғанда адам қызығатындай мәңгілік не бар? Біреудің жасап жатқан жақсылығын, беріп жатқан садақасын, үйреніп жүрген Құранын, алып жатқан білімін көре алмай, «мен неге осындай жасамаймын?» деп қызғансақ жарасады. Бұған шариғат та руқсат береді. Ал өзгесінің бәрі бос әурешілік, күнәға толы қылықтар ғана.

Керісінше, біреу бақытты болып жатса, оған қуануымыз керек емес пе?

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл сөздерінің тағы бірінде былай деді: «Үш түрлі нәрсе бар, олардан ешбір адам оңай құтыла алмайды:

  1. Жаман ырымға сену;
  2. Өзгелер жайлы жаман ойлау
  3. Көре алмаушылық». Осыны айтқанда сахабалар (р.а.): «Енді олардан қалай құтылуға болады» деп сұрады. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір нәрсені бақытсыздық әкелетін қырсық деп ойласаң, ендігәрі ондай істі жасама. Жаман ойласаң, оның түбін қазбалап, тексеріп тұрып алма. Көре алмасаң, ілінісіп, қақтығысып, жаманшылық жасама»- деп жауап қайырды.

Қарап отырсақ, осының бәрі кездесіп жүрген жағдайлар. Сондықтан сөз соңында осы бір бәле қылықты біздің елден аулақ етсе екен деп Жаратқаннан тілейміз.

 Асылбек Әуезханұлы

Асылбек ӘуезханұлыАсылбек Әуезханұлы
2 года назад 478
2 комментария
  • Ассаламуғалейкум Асеке. Осындай жақсы дүниелеріңді блогтұғырымызға жиі жазып тұрсаңшы. Оқырмандарың Асеке жоқ боп кетті ғой деп іздеп жатыр сені.
    2 года назад
  • Уа алейкум салам, Қайреке! Алла қаласа, жазбаларымды жиірек жариялап тұруға тырысайын. Алла істеріңізге береке берсін!
    2 года назад
О блоге